Өмірбаян
Құндызай Жұматайқызы Аймаханова 1966 жылы 22 ақпанда қазіргі «Иіркөл» ауылдық округінде дүниеге келген. 1973 жылы Ш. Уалиханов атындағы №26 мектепке 1 сыныпқа қабылданып, 1983 жылы орта мектепті аяқтады.
1983жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа түсіп,1988 жылы аталған институттың филология факультетін ұлт мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп шықты. Алғашқы еңбек жолын 1989 жылы Қармақшы ауданындағы №107 орта мектепте мұғалім болудан бастады. 1990 - 1992 жылдары №109 орта мектепте, 1992 - 1994 жылдары №121 мектепте орыс тілінен дәріс беріп, барлық білімі мен жігерін шәкірттеріне сапалы білім беруге арнады.
Көп ұзамай Қ.Аймаханова өзінің білімдарлығы мен іскерлігінің арқасында 1994 - 2002 жылдары С.Есқараев атындағы №27 дарынды балалар мектебінде мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 2002 - 2004 жылдары №121 орта мектептің директоры, 2004 - 2005 жылдар аралығында аудандық оқушылар үйінің директоры қызметін атқарса, 2005 жылдан бастап аудандық әдістемелік кабинет меңгерушісі.
Құндызай-кәсіби шеберлігі шыңдалған, жауапкершілікті сезіне білетін, өз мақсаттарына шығармашылықпен қарайтын, жаңашыл ұстаз, қабілетті ұйымдастырушы.
Білім саласындағы елеулі еңбектері үшін 2007 жылы аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен, ал 2010 жылы Алғыс хатпен марапатталып, 2011 жылы Қармақшы аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ комитетінің «Ауданның үздік мұғалімі» және «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының төсбелгілерімен марапатталады.
Қабілеті шыңдалған ұйымдастырушылығының арқасында 2008 жылы Білім қызметкерлерінің облыстық «Үздік әдістемелік кабинет - 2008» байқауында жүлделі ІІІ орынды иеленсе, 2010жылы облыстық «Үздік әдістемелік кабинет - 2010» байқауында Алғыс хатқа ие болды.
Шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл ұстаз 2010 - 2011 жылдары бірнеше рет облыстық Білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарымен марапатталған.
«Ұстазы жақсының - ұстамы жақсы» - дегендей Қ.Аймаханова 2012 жылы өзі білім алған білім ордасы - Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Үздік түлек» төсбелгісімен марапатталды.
Сонымен қатар, білім беру саласында жаңаша көзқарас, жаңаша қарым-қатынас қалыптастыру мақсатында Қ.Аймаханованың мерзімді басылымдарда, әдістемелік журналдарда мақалалары жарияланып тұрды, әдістемелік нұсқаулықтары да жарық көрді. Атап айтсақ, 2009 жылы облыстық ғылыми-практикалық конференция материалдар жинағында «Профессиональная компетентность педагога-основа качественного образования» мақаласы, 2010 жылы «Сыр мектебі» газетінің №9 санында «Өзіндік таным-өзекті мәселе» атты мақаласы, 2010 жылы 28 сәуірде республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдары жинағында «Сапалы білім берудегі инновациялық оқытудың тиімділігі» мақаласы, «Хабаршы» журналының 2011 жылы/2санында «Сапалы білім беруде инновациялық технологиялардың қолданысы» мақаласы, 2011 жылы Қызылорда қаласынан жарық көрген «Қазақ мектебі және бүгінгі білім берудегі құндылықтар», «Мектеп басқару әдістемесі», «Педагогикалық технологиялардың аудан білім ұйымдарындағы қолданысы» әдістемелік нұсқаулықтары мен материалдары жарияланды.
2016 жылдың наурыз айында «Мектеп директоры» Республикалық ғылыми- әдістемелік журналға «Білікті басшы, тәжірибелі ұстаз» мақаласы, 2016 жылдың 13 мамыр күнгі №20 «Бәйтерек – Байқоңыр» газетіне «Білікті басшы, тәжірибелі ұстаз» мақаласы, 2016 жылдың 18 мамыр күнгі №38 «Қармақшы таңы» газетіне «Жаңаша әдістеме – уақыт талабы» мақаласы, 2016 жылдың 4 қазан күнгі № 78 «Қармақшы таңы газетіне «12 жылдықпен – мәңгілік елге» мақаласы жарық көрді.
«Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады» демекші, білікті басшы ұжым мақтанышы, тәжірбиелі ұстаз Құндызай Жұматайқызы өзі басқаратын ұжымды тек биік белестерге жетелеп келе жатқанын ерекше атап өткім келеді. Бұл сөзіме дәлел ретінде, қабілеті шыңдалған ұйымдастырушылығының арқасында 2014 жылы «Үздік жыл әдіскері» Республикалық байқауының облыстық кезеңінде ІІ орын алса, 2016 жылы сәуір айында білім саласындағы жемісті еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министірлігінің «Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаментінің» директоры Ж.Жонтаеваның қолынан «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төс белгісін омырауына тақты. Әрине бұған дейін де аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ комитетінің «Ауданның үздік мұғалімі» төсбелгісімен және аудандық білім бөлімі мен Қызылорда облыстық білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының құрмет грамотасымен, алғыс хаттарымен марапатталған.
Құндызай білімін шыңдау үшін еш жалыққан емес. Білімін кеңейту үшін біліктілігін арттыру мақсатында курстар оқып түрлі сертификаттарға ие болған жан. 2013 жылы 28 маусымда «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты ұйымдастырған оқыту семинарында өз білімін көтерді. 2014 жылы 18 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Білікті маман» оқу орталығының «Жалпы білім беретін мектептерде заманауи технологияларды енгізу» тақырыбында 144 сағат көлемінде мұғалімдерді қайта даярлау курсынан өтті. 2015 жылы 03 шілде Қызылорда облысы әкімі аппаратының Мемлекеттік қызметшілерді және бюджеттік сала қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталығынан «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапалы және белгіленген мерзімде көрсетілуі» тақырыбындағы семинарды бітіріп шықты. 2017 жылы 19 мамыр «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты ұйымдастырған «Инновациялық білім беру технологияларының педагогтің кәсіби өсуіндегі рөлі» тақырыбында облыстық семинарға қатысты. 15-25 тамыз аралығында «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтынан «Интерактивные методы обучения в процессе преподавания русского языка и литературы» және 2018 жылы 03-13 қаңтар аралығында «Өзін – өзі тану пәнін оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыбында біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Сонымен қатар «Қармақшы аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі 2017 жылы «14» сәуір № 262 бұйрығына сәйкес І (бірінші) санатты Аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі біліктілік санатын алған.